Блог статистикасы
196
Жазбалар
2738
Өтініштер
131669
Келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)

Аймақ жаңалықтары

Латын әліпбиіне көшу: мәселе, пікір, ұсыныс «... қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық». ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВ Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажеттігін атап өтті. Демек, көп кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Ал осы межелі мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін не істеу керек? Бұл мәселені жан-жақты талқылау мақсатында Ұзынкөл ауданы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы» дөңгелек үстел шарасын ұйымдастырып, аймақтағы айтары бар азаматтардың басын қосты. Аталмыш шараға «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.С.Болатов, «Троебрат орта мектебі» КММ қазақ тілі және әдебиет пәнінің жоғары деңгейдегі білікті жоғары санатты мұғалімі А.К.Айтбаева, Ұзынкөлдік орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Н.А.Болатова, «Федоров орта мектебі» КММ қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі С.М.Оспанова, «Ұзынкөлдік орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ММ кітапханашысы Б.Ж.Бердіғожина қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, дөңгелек үстел отырысына өңірдегі белсенді жастар мен оқушылар шақырылды. Дөнгелек үстелді жүргізіп отырған Зияш Кәкімбекқызы Нұрмағамбетова қатысушыларды өз пікірлерімен бөлісуге тартты. - Иә, бұл мәселе осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді. Содан бері санамызда «ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған дайындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміт сәулесінің куәсі болып отырмыз. Бұл жазу - елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін, - деді Н.С. Болатов. - Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет. Келесі дөңгелек үстелдің қатысушысы А.К.Айтбаева өз пікірін білдірді: - Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды. Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Себебі, латын жазуына көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек десек, біріншіден, латын графикасына өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған небір әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Ал латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алсақ, кейінгі буын трагедияға ұшырамайды. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әр түрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Осының алдын алу қажет. Төртіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән - каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет. Мұны тез арада қолға алған жөн. Сондай-ақ, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау қажет. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада тиянақты атқара білсек, ұтарымыз мол болмақ. Іс - шарада өз пікірін білдірген С.М. Оспанова болды: -Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефонда латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақша тере алмай қиналып жатамыз. Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең. Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болған жоқ. Десе де, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі, латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет. Бұл ретте ескеретін бір жайт, бүкіл түркі әлемі 34 таңба пайдаланған екен. Біз осы нұсқаны аламыз ба, әлде 32 таңбаны қолданамыз ба? Осы жағын нақтылап алғанымыз жөн. Биыл бірыңғай стандарттар қабылданатын шығар деп ойлаймын. Екінші мәселе – бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жақын қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қазақтармен жақындаса түсеміз. Түсіне білген адам үшін мұның да маңызы зор. Балқия Жантасқызы Бердіғожина: - Жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей сәнге айналады деп ойлаймын. Өйткені, қоғамдағы жарнаманың өзі ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аудартады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ағылшынша жазатын жастар көбейіп барады. Қуантарлық жайт, әрине. Ендігі міндет – ғалымдар ауызбіршілікпен латын әліпбиінің ең тиімді нұсқасын анықтап, оны заң жүзінде бекітсе, қалғаны оңай деп ойлаймын. Осы мәселе жедел түрде шешімін тапса, қоғам да, жастар да тез бейімделіп кетер еді деген сенімдемін. М.Мұхамедиярова, тілдерді оқыту орталығының әдіскері: - Ғалымдар айтқандай, алдымен латын әліпбиіне көшу мәселесінің оңы мен солын саралап, елеп-екшеп, сосын ғана нақты бір шешім қабылдау қажет. Себебі, осы мәселеге байланысты қоғам пікірі екіге жарылатыны сөзсіз. Мұны қалыпты жағдай деп түсінуіміз керек. Бірақ бұл ретте орыс тілінің факторын мүлдем жоғалтып аламыз деген ой болмауы тиіс. Крииллица да керек. Өйткені, Қазақстанның Ресеймен экономикалық байланысы 65 пайызды құрайды екен. Демек, біз бұл мемлекеттің оқу-жазуын да ұмытпағанымыз жөн. Бір анығы, болашақта мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздардың барлығы латын әліпбиінде жүргізілетін болады. Осы мәселеге байланысты белгілі бір мемлекеттік бағдарлама түзілуі мүмкін. Сол кезде біз латын әліпбиіне байланысты нақты қандай жұмыстар атқарылатынын білеміз. З.НҰРМАҒАМБЕТОВА, тілдерді оқыту орталығының директоры.

хат жіберу