Блог статистикасы
196
Жазбалар
2859
Өтініштер
135720
Келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)

Аймақ жаңалықтары

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – Домбыра! Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана: Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана. Қадыр Мырза-әли Таяуда Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жаңа мереке, яғни Ұлттық домбыра күні енгізілгенін жариялаған болатын. Енді бұл мерекені қазақстандықтар әр жылы шілде айының бірінші жексенбісінде атап өтетін болады. Домбыра - қазақ елінің көнекөз шежіресі. Ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Қазақ халқының жан серігі, рухани азығы болып келген киелі домбыраны биыл бүкіл ел болып тойлап өтті. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені айтпаса да белгілі. Мереке қарсаңында біз Суйеубаев Азамат Мырзағалиұлына жолығып сұхбаттастық. Өңіріміздің иісі қазақ азаматтары арасында бұл өнерпаз жігітті білмейтіндері шамалы. Домбыраны күмбірлете тарта, қоңыр дауысымен толғауларды айтқанда жұртшылық ішкен асын жерге қойып тыңдай бастайды. Аудандық мәдениет үйі негізінде құрылған «Атамекен» тобы – халықтық атағы бар ұжым. Осы ұжымның құрылғаннан бері келе жатқан мүшелерінің бірі де осы Азамат Суйеубаев. Азаматтың сахналық өмірі үнемі домбырамен бірлесіп келе жатыр, тіпті оның өзін жеке домбырасыз ән айтып жатқанын көзге елестету де мүмкін емес сияқты. Біз Азамат Мырзағалиұлына жолығып, оны әңгімеге тарттық. Сөйтсе, Азамат Меңдіқара ауданы, Қаратал ауылына қарасты Қаражар ауылында туып-өскен екен. Сол жерде орта мектеп тәмамдап, мектеп қабырғасында жүрген кезінде жергілікті мәдени ошағында домбыра үйірмесіне қарындасымен бірге қатысып жүріп үйренгенін баяндады. Домбыраны қолына алғаш рет 16 жасында алды. Домбыра үйреткен алғаш ұстазы – Мұрат Төреғұлов деген ұйірме жетекшісі болыпты. Өнерпаз жігіт домбырамен ән айтып, мектеп, ауыл, аудан сахналарына шығып жүреді. 90-шы жылдарда кеңінен тойланып өткен Спандияр Көбеевтың 100-жылдығына арналған тойда өз өнерін ортаға салады. Ол той Меңдіқара ауданының Каменск - Орал кентінде өткізілді. Бірақ сол кезде әлі домбыра ол үшін өмірлік дос болып кететіні жайлы ойламапты. Әскери борышын өтеп, қайта еліне оралады, кеншарда жұмысқа орналасып, жүріп жатады. Бұл кезең еліміздің тәуелсіз мемлекеттігін құрып, экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан кезі еді. Совхоздар таратылып, ауылдағы жұрт шұбырып, бірі қалаға, енді біреулері басқа жақтарға көше бастаған уақыт еді. Сөйтіп, Азамат Мырзағалиұлының ат басы Ұзынкөл өңіріне бұрылады. Міне, осы жақта тіршілік жасап тұрып жатқанына да он сегіз жылға жақындап қалыпты. Жаңа жер, бөтен адамдар... Әрине, алғашқы кезде өте қиын болды. Бірақ өнерпаз жігітті бірден Аудандық мәдениет үйіне жұмысқа алады. - Алғашқы уақытта үлкен қолдау көрсеткен Марат Ақышұлы Байтасов болды, - дейді өнерпаз жігіт. - Өкінішке орай қазір ауданымызда домбырашы жоқтың қасы. Ұлттық өнерімізді жаңғыртуға күш салуымыз керек. Нағыз қазақ боламыз десек, ұлттық кодымызды жоғалтқымыз келмесе, болашақ ұрпақтарымызды ұлттық аспапқа үйретуді қолға алуымыз жөн, - деді соңында Азамат Мырзағалиұлы. А. АМРИНА, С. КОЖАНОВ.

хат жіберу